Назарбаев ҚР президент сайлауына Тоқаевтың кандидатурасын ұсынды

Дата:
Автор: Кенжекей Тоқтамұрат
Назарбаев ҚР президент сайлауына Тоқаевтың кандидатурасын ұсынды

Қазақстандағы ірі саяси Nur Otan партиясы бүгін, 23 сәуір күні партияның кезектен тыс 19 съезін өткізді. Күн тәртібінде қаралған жалғыз мәселе - 2019 жылдың 9 маусымы күні өтетін кезектен тыс президенттік сайлауға партия атынан кандидат ұсыну болды.

Қазіргі һәм "болашақ" президент - Қасым-Жомарт Тоқаев

Бір ай бұрын өзінің президенттік өкілеттілігін мерзімінен бұрын тоқтатқан Нұрсұлтан Назарбаев Тұңғыш Президент, Елбасы лауазымдарымен қатар, Nur Otan партиясының төрағасы болып қалып отыр. Назарбаевтың өкілеттілігі тоқтаған соң, Конституция бойынша Сенат төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев келесі сайлауға дейін Қазақстан президенті болып Ант қабылдаған еді. Ал екі апта бұрын қолындағы уәкілеттілігін пайдаланған Тоқаев Қазақстанда кезектен тыс президенттік сайлау өткізу туралы жарлыққа қол қойып, сайлауды 2019 жылдың 9 маусымына белгіледі. Бүгін оны партия төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев сол сайлауға кандидат ретінде ұсынды.

-Баршаңызбен Nur Otan партиясының кезектен тыс 19 съезінде жүздескеніме қуаныштымын. Жақында (2019 жылдың 27 ақпанында өткен съезд -авт) біз партиямыздың 18 сьезінде мемлекет пен елге қажетті барлық мәселелерді талқылап, партияның алдағы жұмысын айқындадық. Сондай-ақ, стратегиялық бағдарламасын бекіттік. Ал бүгін Қазақстан президентінің алдағы сайлауына өз кандидатымызды ұсыну үшін бас қосып отырмыз, - деді Нұрсұлтан Назарбаев партия съезінің ашылуында.

Нұрсұлтан Назарбаев өз сөзінде отставкаға кету туралы шешім қабылдау үшін үш жыл ойланғанын және ондай шешім қабылдау оңай болмағанын атап өтті. Алайда, "уақыт талабы сол, мемлекет басқаруға басшылардың жаңа буыны келуі керек, заман солай" дейді.

Осылайша, Назарбаев кезектен тыс президенттік сайлауға партия атынан қазіргі президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың кандидатурасын ұсынды.

"Құрметті делегаттар, съезд қарауына Қасым-Жомарт Тоқаевты ҚР Президентіне үміткер ретінде ұсыну мәселесін шығарып отырмын", - деген Назарбаевты делегаттар бірауыздан қолдап, Тоқаев сайлаудың кандидаты ретінде тіркелді.

"Менен бір мүшел жас кіші". Назарбаев Тоқаев туралы тағы қандай пікір айтты?

Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанда билік сабақтастығы Ата Заңға толық сәйкес келіп, жүріп жатқанын атап өтті. Оның айтуынша, "Қасым-Жомарт Тоқаев әрбір іске зор жауапкершілікпен қарайтын мемлекет қайраткері және Тоқаев айқын саясат жүргізудің қаншалықты маңызды екенін білетін азамат".

-Президенттік өкілеттілігімді тоқтатқан соң бірқатар елдердің басшыларымен сөйлестім. Көпшілігінен әлі күнге дейін хаттар келіп жатыр. Олардың барлығы билікті берудің өзіндік үлгісін жүзеге асырып жатқанымызға құрметпен қарайтындарын жеткізді, - дейді Назарбаев.

Назарбаев өзі мемлекет басқарған жылдарда Қасым-Жомарт Тоқаевтың оған "сенімді серік" болғанын айта келе, Қазақстанды басқаруға ең лайықты адам - осы деді, партия съезінде.

-Тоқаевтың дипломатиялық тәжірибесі БҰҰ-да жоғары бағаланды. Дипломатиялық жетістіктерімен қатар, Қасым-Жомарт Кемелұлы мемлекеттік бақару саласында мол тәжірибе жинады. Ол ел дамуының ең күрделі кезеңінде Қазақстан үкіметін басқарды. Естеріңізде болса, 1998 жылы Азиядағы қаржы дағдарысынан кейін ел экономикасын қалпына келтіруге қатысты. Осы жылдар ішінде ол маған сенімді серік болды. Мен оған толық сенемін және оны Қазақстанды басқаруға лайықты азамат деп есептеймін. Ол менен бір мүшел жас кіші, төңірегіміздегі көрші елдердің басшыларымен құрдас және замандас, сондықтан, жұмыс істеуіне ыңғайлы, - деді Назарбаев съезде.

"Маған қайта президент бол дейтіндер көп. Оларды түсінемін..."

Нұрсұлтан Назарбаев сондай-ақ, өзінің сайлауға түсу-түспеуіне қатысты пікірін де айтты.

-Менің өкілеттілігімді мерзімінен бұрын тоқтату туралы шешіміме таң қалған азаматтардан көп хат аламын. Олардың көбі маған қайтадан сайлауға түсіңіз дейді. Мен оларды түсінемін: халық тұрақтылықты қалайды. Осындай ілтипаттары үшін алғыс айтып, басымды иемін, - деді Назарбаев.

"Сайлауға қатысамын!"

Съезд делегаттарының соңында сөз алған Қасым-Жомарт Тоқаев партияластарына осындай сенім білдіргендері үшін алғысын айтып, қажырлы еңбек етуге уәде берді.

-Мен Тұңғыш Президент-Елбасының стратегиялық курсын жалғастыру үшін сайлауға қатысамын. Бүгін маған зор сенім артып, «Nur Otan» партиясы атынан Қазақстан Президенттігіне үміткер етіп ұсынған Елбасыға шын жүректен алғыс айтамын! Мемлекетіміздің негізін қалаған ұлы тұлғаның маған артқан жауапкершілік жүгін бүкіл болмысыммен сезінемін! Сондықтан, сенімге серт беріп, үлкен үміттің үдесінен шығу үшін бар қажыр-қайратымды жұмсаймын!", - деді Тоқаев.

Тоқаевтың шетелдегі қызмет жылдары оның сайлауға түсуіне кедергі жасай ма?

Қазақстандық сарапшылардың көбі Nur Otan партиясы алдағы кезектен тыс сайлауға Қасым-Жомарт Тоқаевтың немесе Сенаттың қазіргі төрағасы Дариға Назарбаеваның кандидатурасын ұсынады деп болжам жасаған. Тоқаевқа бәс тіккендер ұтты. Дегенмен, Нұрсұлтан Назарбаев бүгінгі съезде 29 сәуір күні Нұр-Сұлтан қаласында Қазақстан халқы ассамблеясының сессиясын өткіземіз деп хабарлады. Яғни, сол сессияда Ассамблея (бұл құрылымның да төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев - авт.) кезектен тыс сайлауға өз кандидатурасын ұсына алады және халық Дариға Назарбаеваның кандидатурасы бәлкім сол сессияда айтылар деп, болжам жасап жатыр.

Ал, Nur Otan атынан ресми ұсынылған Қасым-Жомарт Тоқаевтың Конституциялық құқықтарына тоқталсақ, ол 2011-2013 жылдары БҰҰ-ның Женевадағы бөлімшесінде бам директор болған. Ал, Ата заңға сәйкес, Қазақстан президенттігіне үміткер болу үшін соңғы 15 жыл ішінде елде тұру міндетті.

Сондықтан, бүгін өз кандидатурасы ұсынылғаннан кейін Қасым-Жомарт Тоқаев Конституцияның осы бабы, яғни, 41-бабының 2-тармағын түсіндіріп беру үшін Конституциялық кеңеске сұрау жіберді. Конституциялық кеңес Тоқаевтың өтінішін отырыста қарау үшін қажетті материалдар жиналып жатқанын хабарлады.

Ал, Парламент Мәжілісінің вице-спикері, Депутат Гүлмира Исимбаева болса, қазақ дипломаттарының шетелдегі жұмысы "ұзақмерзімді іс-сапар ретінде ғана есептелетінін" айтып, дипломаттар сайлауға қатыса алады деген болатын.

Тоқаев Абай мен Шерхан Мұртаза шығармаларынан емтихан тапсырады

Съезд жұмысы аяқталған соң, Орталық сайлау комиссиясына үміткер ретінде тіркелген Қасым-Жомарт Тоқаев бірден мемлекеттік тілден емтихан тапсыруға кірісіп кетті. Нұр-Сұлтан уақытымен сағат кешкі 18.00-де Тоқаев емтиханды аяқтамаған еді.

Ол үш кезеңнен тұратын емтиханда алдымен "Абай Құнанбайұлының поэзиясы мен қара сөздері» тақырыбында 2 беттік шығарма жазады. Екінші кезеңде Шерхан Мұртазаның «Мыңбұлақ» кітабынан 15 минут бойы мәнерлеп үзінді оқиды, ал үшінші кезеңде еркін тақырыпта сөз сөйлейді.

Кандидаттардан мемлекеттік тіл бойынша емтихан алатын комиссия құрамында Мырзатай Жолдасбеков (комиссия төрағасы), Әділ Ахметов, Ғарифолла Есім, Серік Қасқабасов, Гүлтас Құрманбай, Ерден Қажыбек бар.

Теги: Казахстан

Поделиться: