ЕАЭО автонарығы: Мәселе қандай? Ортақ талап орындалып жатыр ма?

Дата:
Автор: Кенжекей Тоқтамұрат
ЕАЭО автонарығы: Мәселе қандай? Ортақ талап орындалып жатыр ма?

Еуразиялық экономикалық одақ елдерінің импортындағы көлік, көлік құралдары мен машиналардың үлесі 2019 жылдың қаңтар-ақпан айында  41,7% 

Ал, 2019 жылдың қаңтар-ақпан айларының өзінде-ақ Еуразиялық экономикалық одаққа мүше елдердің сыртқы сауда айналымының көлемі 109.9 млрд долларға жеткен. Соның ішінде, экспорт көлемі – 73,7 млрд доллар, импорт – 36.2 млрд долларды құрады. 

Қазақстанда шетелдік көлік толып жүр. Олардың санын бақылау неге қиын? 

2015 жылдың 1 қаңтарында құрылған Еуразиялық экономикалық одаққа қазір бес мемлекет – Қазақстан, Ресей, Қырғыз Республикасы, Армения және Беларусь елдері мүше екені белгілі. Бұл елдер одақ шартына сай кейбір экономикалық басымдықтарға ие. 

Сондай артықшылықтардың бірі – әрине, көлік тасымалына берілген жеңілдіктер еді. Одақ шартына сай, оған мүше елдердің азаматтары келесі бір мүше елден автокөлік сатып алып, сол елдің тіркеу нөмірімен өз елінде емен-еркін қозғала алады. 

Дегенмен, өзара автокөлік сатып алу нормаларында нақты-нақты шектеулер бар. Бірақ, соңғы жылдары Қазақстанда Ресей, Қырғыз, Армения елдерінің мемлекеттік тіркеу нөмірлерімен жүрген  көліктер көбейіп кетті. Басында бұған «ЕАЭО аясындағы заңдарға сәйкес, рұқсат етілген» деген негізде аса мән бермеген құзырлы органдар қазір көліктердің көбі заңсыз тасымалданып жатқанын және оны рәсімдеу үшін кедендік баж салықтары төленбей жатқанын айтып жүр. 

Сонда, Қазақстан азаматтары одақтас елдерден қандай талаптарға сай заңды жолмен көлік сатып ала алады және оны Қазақстанда қалай дұрыс рәсімдеуі керек? 

Қазақстанға қандай көліктерді әкелуге рұқсат? 

Біріншіден, Еуразиялық экономикалық одақ аясында одаққа мүше елдерге Евро-4 және Евро-5 класына сай автокөліктерді ғана кіргізуге болады. 

Екіншіден, Қазақстанға осы стандарттағы көліктерден басқа, Қырғыз Республикасында 2014 жылдың 1 қаңтарына дейін, ал, Арменияда 2014 жылдың 10 қазанына дейін кедендік рәсімдеуден өткен көліктерді енгізуге болады. Бұл заңды. 

Ал, Қырғыз Республикасында 2014 жылдың 1 қаңтары мен 2020 жылдың 1 қаңтарына дейін, Арменияда 2014 жылдың 10 қазаны мен 2020 жылдың 1 қаңтарына дейін кедендік рәсімдеуден өткен көліктер Қазақстан үшін шетелдік көлік болып саналады. Яғни, ЕАЭО аясында оларды Қазақстанға емін-еркін, сол елдердің нөмірімен енгізуге болмайды. Шетелдік көлік болып саналған соң оны Қазақстанның кеден органдарында кедендік рәсімдеуден өткізіп, кеден төлемдерін төлеу керек. 

Шетелдік көліктерді кедендік рәсімдеуден өткізу үшін Еуразиялық экономикалық одаққа мүше елдер үшін жеңілдік қарастырылған. Уақытша ғана. 

Яғни, 2018 жылдың 1 қыркүйегі мен 2019 жылдың 31 тамызы арылығында енгізу кедендік салығының мөлшері кедендік құнның 17 пайызына немесе кедендік құннық 12,1 пайызы көлеміндегі енгізу кедендік салығы салынады. Бірақ, кедендік салық осы кедендік салықтардың қайсысы төмен, соған қарай отырып, көлік қозғалтқышының бір текше саниметрі үшін 1,14 евродан аз болмау керек.  Бұл ЕАЭО-ның құжатында көрсетілген норма. 

«Бір жыл тегін жүр». ЕАЭО аясында Қазақстан жүргізушілері осы басымдыққа ие 

Еуразиялық экономикалық одаққа мүше елдердің азаматтары қаржылай гарантиясын төлесе, бір жылға дейін үшінші елдерден шетелдік нөмірі бар көліктерді емен-еркін енгізе алады. Бірақ, бір жыл уақытқа ғана.Оның өзінде, жоғарыда біз айтқан стандарттарға сай және айтылған жылдарға сәйкес, кедендік рәсімдеуден өткеннен кейін ғана. 

Тағы бір маңызды мәселе, шетелдік нөмірлі көлікті Қазақстанға үшінші елде,  мәселен Қырғыстанда немесе Арменияда тұрақты тұратын Қазақстан азаматы ғана енгізе алады. Ал, Қырғызстан мен Арменияда тұрақты тұрмайтын Қазақстан азаматы біздің елге сол елдердің нөмірі бар көліктерді Еуразиялық экономикалық одақтың 2017 жылғы 20 желтоқсанында қол қойылған «Жеке қолданалытан тауарларға қатысты жекелеген сұрақтар туралы» №107 бұйрығына сай, салық төлемдерін төлесе ғана енгізе алады. 

Қырғыз көліктер саябырсыды. Енді Қазақстан нарығын Армения көліктері жаулап келе ме?

Қазір Қазақстанның батыс өңірінде, тіпті, орталық қалаларында да Армениядан келіп жатқан көліктер көбейген. Кезіндегі Қырғызстаннан қаптаған көліктер сияқты. Оның бір ғана себебі – көлік бағасында. Ол жақта шетелдік иномарканы біраз арзан бағаға сатып алуға болады.

Есімін атамауға келіскен автосатушы Армениядан арзан, бірақ, талапқа сай емес көліктер қалай тасымалданып жатқанын айтты. 

Айтқанымыздай, Армения ЕАЭО-қа мүше ел және де одақ аясында бұл елден еуро-4, еуро-5 класты көліктерді және Арменияда 2014 жылдың 10 қазанына дейін кедендік рәсімдеуден өткен көліктерді енгізуге болады. Бір жылға. Бірақ, осы талаптарға сай болмағанымен, бағасы өте ыңғайлы көліктер Қазақстанға еніп жатыр. 

Автосатушының айтуынша, осы талаптарға сай емес көліктерді де Қазақстанға енгізуге болады. Бір қарасаң заңды жол, бірақ, арты қауіпті. 

Оның айтуынша, Қазақстан азаматы Арменияға барып, сол жақтағы автосатушылардың көмегімен уақытша тіркеу жасайды, сатып алу-сату келісімшартын рәсімдеп, көлікке жаңа армениялық нөмір алады. Одан сон, сол нөмірмен көлікті Арменияның есебіне қояды да ЕАЭО азаматы ретінде Қазақстанның сақтандыру компанияларынан сақтандыру полисін алып,  армениялық нөмірмен еркін кіреді. Бірақ, бір жыл уақыт өткен соң, олар бұл көлікті сата алмайды, қайтадан Арменияға апару керек. 

Апармаса, Арменияның құзырлы органдары Қазақстанға уақытша шығып кеткен, бірақ қайта оралмаған, армениялық нөмірлі, соған сай, Арменияның бюджетіне көлік салығын төлеуі тиіс әлгі көлікті іздей бастайды. Яғни, сізді Арменияда біраз салық күтіп тұрады. Төлемесеңіз, көлікке Арменияда арест қойылады, тіпті сізден алып алуы ықтимал. 

Қазақстанның автонарығын ескі көліктер толықтырып жатыр 

Ал, осы ретте Қазақстанның автонарығы жыл санап ескі көліктермен толығып жатқаны айтылып отыр. Мәселен, 2018 жылы Қазақстанда шығарылған жылы 10 жылдан асқан көліктер 4,1 пайызға көбейіп, 2,4 млн машинаға жеткен. Жалпы, Қазақстанның автонарығындағы ескі көліктер үлесі 60 пайыздан асып кетті. 

Депутат Азат Перуашевтің айтуынша, қай жақтан тасымалданғанына қарамастан, Қазақстанның құырлы органдары техникалық регламенті сақталған көліктерді ғана тіркеуге қоюы керек. 

«Ресейден болсын, Армениядан болсын, Қырғызстаннан болсын, біздің елімізге қауіпсіз көліктер ғана енгізілуі керек. Арнайы техникалық тіркеу регламенті бар, сондағы талаптармен тіркелуі керек. Ол регламентке сай болмаса, ондай көліктерді ешбір құзырлы орган тіркеуге қоймауы керек», - дейді депутат. 

 

Поделиться: