Қазақстан. Сайлау-2019: Қасым-Жомарт Тоқаев 70% дауыспен жеңіске жетті

Дата:
Автор: Кенжекей Тоқтамұрат
Қазақстан. Сайлау-2019: Қасым-Жомарт Тоқаев 70% дауыспен жеңіске жетті

2019 жылдың 9 маусымында Қазақстан Республикасында кезектен тыс  президенттік сайлауы өтті. Орталық сайлау комиссиясының 10 маусым, сағат 11.30-дағы алдын ала есебі бойынша, сайлауда 70,76% дауыспен Қасым-Жомарт Тоқаев жеңіске жеткен. Сайлаудың қалай басталып, қандай ерекшеліктермен өткеніне тоқталсақ. 

Сайлауға кімдер қатысты?

Қазақстандағы сайлауға "Nur Otan" партиясынан Қасым-Жомарт Тоқаев, "Ауыл" партиясы атынан Төлеутай Рақымбеков, "Ұлт тағдыры" ұлттық-патриоттық қозғалысынан кандидат болған Әміржан Қосанов, "Ұлы дала қырандары" республикалық қоғамдық бірлестігі атынан Сәдібек Түгел, Қазақстан Коммунистік Халық партиясы атынан ұсынылған кандидат Жамбыл Ахметбеков, "Ақ жол" демократиялық партиясы атынан ұсынылған Дания Еспаева, "Қазақстан Республикасының кәсіподақтар федерациясы" Республикалық кәсіподақтар бірлестігі атынан Аманкелді Таспихов қатысқан. Барлығы жеті кандидат.  

Басты екі қарсыластың арасы - 54%

Бар-жоғы екі айдың ішінде өткен бұл сайлауға халық белсенді қатысты. Жəне сайлауда Қасым-Жомарт Тоқаевпен қатар, жеңуі мүмкін кандида ретінде оппозициядан шыққан Əміржан Қосановты жиі айтты.  

Нəтижесінде, Орталық сайлау комиссиясының алдын ала санағы бойынша кезектен тыс өткен президенттік сайлауда 70,76% дауыспен Қасым-Жомарт Тоқаев жеңіске жетіп отыр. Əміржан Қосанов одан 54% жуық аз дауыс жинаған - 16.02%. 

"Президенттікке кандидат Қасым-Жомарт Тоқаев 70,76%, Əміржан Қосанов - 16,02%, Дания Еспаева - 5,2%, Төлеутай Рахымбеков - 3,2%, Амангелді Таспихов - 2,7%, Жамбыл Ахметбеков - 1,83%, Сəдібек Түгел - 0,92% дауыс жинады,- деп хабарлады бүгін брифингте Орталық Сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары Константин Петров.  

Жалпы, Орталық сайлау комиссиясының мəліметіне сүйенсек, Тоқаевқа 6,5 млн адам, Қосановқп 1 472 733 адам, Дания Еспаеваға 478 153 адам, Төлеутай Рахымбековке - 294 271 адам, Жамбыл Ахметбековке - 167 249 адам, Сəдібек Түгелге - 84 348 адам қолдау білдірген.  

Қазақстандықтар шет елдердегі сайлау  учаскелерін қосқанда, бас аяғы 9 968 сайлау учаскесінде дауыс берді. Халықтың 77,4% сайлауға қатысқандығы анықталып отыр.  

"Карусель" сайлаушылар жазаға тартылады

Əдеттегідей, бұл сайлауда да бірнеше адам үшін дауыс беріп, "Сайлау туралы" заңды өрескел бұзған адамдар, сондай заң бұзушылыққа жол берген сайлау учаскелері мен комиссия мүшелері табылды. Дегенмен, алдыңғы жылдардағыдай емес, биыл бұндай фактілер өте көп тіркеліп, əлеуметтік желіде сан түрлі видео пайда болды. Бір бейнеде от тосса, өшіп қалатын қалам, бір видеода - урнаға оншақты, тіпті одан да көп бюллетень салған сайлаушыларды, енді бірінде - алдын ала дауыс беріліп, қол қойылған бюллетендерді стол астына жасырған комиссия мүшелерін көруге болады. 

Ол фактілер дəл осы сайлауда болды ма, жоқ па, əлі ресми расталған жоқ.  Бас прокуратура əзірге бірнеше заң бұзушылықты анықтап, тіркеді.  

-Алматы, Нұр-Сұлтан қалаларында, Атырау, Маңғыстау, Қызылорда, Түркістан облыстарында заң бұзу фактілері анықталды. Барлығы 19 факт жəне  барлық факт  бойынша әкімшілік іс қозғалды. Бірнеше бюллетенді бірден салған, қайталап дауыс беру сияқты заң бұзу деректерін айтуға болады. Заңға сәйкес прокуратураға тексеруге жіберілді," - дейді ҚР Бас прокурорының орынбасары Болат Дембаев. 
Көбінесе урнаға бірнеше бюллетень тастау, бір адамның бірнеше учаскеде немесе бір учаскеде бірнеше рет дауыс беруі сияқты фактілер тіркелген.  


Халық неге көтерілді?  

Қазақстан бойынша сайлауда дауыс беру енді қызғанда, шамамен, 9 маусым, түске таман Нұр-Сұлтан жəне Алматы қалаларында халық алаңға шықты. Ішкі істер министрлігі олардың жиынын рұқсат берілмеген митинг деп бағалап, алаңдарға арнайы жасақтар жіберді.  

Ішкі істер министрінің орынбасары Марат Қожаевтың айтуынша, Нұр-Сұлтан жəне Алматы қалаларында полиция шамамен 500 адам ұстаған. 
-Алаңға 19 мың полиция, төтенше жағдайлар қызметінің алты мың қызметкері тартылды. Көшелер мен қоғамдық орындардың тыныштығын сақтау үшін полиция, əскери қызметкерлер, Ұлттық ұланды қосқанда, 10 мың адам жұмылдырылды",- деді ол.  

Оның айтуынша, екі қалада алаңға шыққан адамдар жол қозғалысына кедергі келтіріп, қоғамдық тəртіпті бұзған. Екі қаланы қоса алғанда, барлығы 500 адам полиция учаскелеріне жеткізілген.  

-Мысалы, Нұр-Сұлтан қаласында адамдар "Жастар" сарайынан бастап, Республика даңғылын жауып алған. Оларға қарсы ұрып-соғу шаралары қолданған жоқ. Əлеуметтік желілерде полициядан таяқ жеген адамдар туралы жəне бір адамның қаза болғаны туралы ақпарат шындыққа жанаспайды,- дейді ол.   

Жаңа президент қашан Ант қабылдайды 

Жалпы, заң бойынша дауыс беру аяқталғаннан кейін Орталық сайлау комиссиясы жеті күн ішінде, яғни, 2019 жылдың 16 маусымына дейін сайлаудың нəтижесін бекіту керек.  

Кезектен тыс сайлаудан кейін сайланған жаңа президенттің инаугурация рəсімі сайлау қорытындысы жарияланғаннан кейін бір айдан соң өтуі тиіс.  

Қазір басқа мемлекеттердің президенттері, халықаралық ұйым басшылары Қасым-Жомарт Тоқаевты жеңісімен құттықтап жатыр. Естеріңізде болса, Нұрсұлтан Назарбаев өкілеттілігін тапсырғаннан кейін Сенат төрағасы болып отырған Қасым-Жомарт Тоқаев келесі сайлауға дейін уақытша президент қызметін атқарған болатын. Ал, 2019 жылдың 9 сəуірінде Тоқаев 2020 жылы өтетін сайлауды күтпей, Қазақстанда кезектен тыс сайлау өткізу туралы Жарлыққа қол қойып, оны 9 маусымға белгілеген болатын. 


Поделиться: