"Атамсыз өткен алғашқы жеңіс тойы...". Отан соғысының батыры Қаблен Қасенов туралы

Дата:
Автор: Кенжекей Тоқтамұрат
"Атамсыз өткен алғашқы жеңіс тойы...". Отан соғысының батыры Қаблен Қасенов туралы

Қазақтың қайсар батыры Қаблен Қасенов үшін 18 сәуір қорқынышты, қаралы күн деуге болады. 1945 жылы, тура осы күні Берлиннен 60 шақырым жерде жараланған Қасенов батыр араға 74 жыл салғанда, тура 18 сәуір күні өмірден озды. Ол 1945 жылдың жарасымен 74 жыл өмір сүрген. 

Қаблен Қасенов Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 74 жылдығына небары 20 күн қалғанда, 96 жасында қайтыс болды. Бірақ, өзі өлсе де, артынан өлмейтұғын із қалдырған Қаблен атаның қайсарлығы ешқашан өшпейді. Өзімен сұхбаттасып үлгергемен соң, оның ұрпағынан Ұлы Отан соғысының ІІ дәрежелі батыры туралы естеліктер сұрадық. 

Батырдың балалық шағы жетімдер үйінде өткен 

Қаблен Қасенов 1923 жылдың 15 қаңтарында Қазақстан Республикасының Павлодар қаласында дүниеге келген. Өте ерте ата-анасынан айырылған ол алдымен туған-туысының тәрбиесіне өткен. Бірақ, жақындары Ресей Федерациясымен шекаралас Алтай өңіріне көшіп кеткен соң, Қаблен Қасенов 15 жасына дейін Павлодар облысы Май ауданындағы, кейін Семей облысындағы жетімдер үйінде тұрған.  

"Жетімнің өмірі айтпаса да қандай болғаны белгілі. Бірақ, тағдырдың сынағы оны сындырған жоқ. Атамыз жақсылыққа деген сенімін жоғалтпай, нағыз азамат болып өсіпті. 1938жылы Павлодардағымектепке ауысып, төрт жылдан кейін Ворошилов атындағы әскери-саяси мектепті аяқтап шығады. Оның әскери өмірі 19 жасында басталды", - деп еске алады оның немересі Әсемгүл Қасенова. 

Ол әскер қатарынан соғысқа 1942 жылы аттанған. Қаблен Қасенов  82-інші атқыштар дивизиясының 244-ші гвардия полкінде қызмет етіп, 333-інші атқыштар дивизиясының бөлім командирі болған. 

Қаблен Қасеновтің қайталанбас ерліктері 

Қаблен ата төрт жыл соғыста төрт рет үлкен жарақат алған. Бірақ, сол ерліктері үшін "Ерлігі үшін", "Әскери ерлігі үшін", "Германияны жеңгені үшін", Қызыл жұлдыз ордендері мен І және ІІ дәрежелі Ұлы Отан соғысы ордендерімен марапатталған. Қаншама рет жаумен бетпе-бет келген ол ешбір шайқаста артқа шегінуді білмеген. 

"...1944 жылдың шілдесі еді. 21 жастағы Қаблен жауынгерлермен бірге Мациюв станциясына қарай бет алады. Оларға ауыр жауынгерлік тапсырма берілген - қарсылас оқ атып жатқан нүктені құрту керек болды. Станцияға жақындағанда алдарынан автомат асынған неміс жауынгерлері шығады. Жанындағы басқа жауынгерлер көзбе көз шайқастан шегініп, артқа кеткен. Ал, Қасенов болса, қорқақтық танытуға ұялған. Өзі жалғыз жауға қарай оқ атып, үш неміс әскерінің көзін құртады. Осылайша, жаудың оқ ату нүктесін жойған Қасеновке "Әскери ерлігі үшін" медалі берілген екен", - деп еске алады ұрпақтары. 

Оның тағы бір ерлігі туралы архивтік материалдарда былай жазылған екен: "Қасенов жолдас Познань қаласында неміс басқыншыларымен күресіп, 1945 жылдың 4 ақпанында жаяу әскер қатарында немістер тығылып отырған үйге алғаш болып басып кірген. Граната жарып, немістің бес солдатын жойып, жаудың пулеметін жойған. Үйді жаудан тазалау кезінде тағы да үш неміс әскерін өлтіріп, Кеңес әскерінің бөлімшелеріне алдағы шайқастар үшін жол ашқан. Атқыштар полкінің командирі К.Павленко". 

наградный лист.jpg

"Снаряд сынығымен өмір сүріп келемін..." Қасенов Жеңіс күнін госпитальда қарсы алған

Айтып өткеніміздей, Қаблен Қасенов соңғы рет 1944 жылы 18 сәуір күні иығынан жарақат алған. Ол кезде батыр Берлиннен бар-жоғы 60 шақырым жерде жүрген. Снарядттың қалдықтары тиген кезде, Қасенов өлім мен өмірдің арасында жатқан. Дәрігерлер оның иығындағы қалдықты алайын десе, жауынгер қолын қозқалта алмай қалар еді, деген дәрігерлер. 

"Берлинге жетуіме алпыс-ақшақырым жер қалған еді. Иығымнан қатты жарақат алдым. Снарядтың сынығы иығымда әлі бар. Жеңісті госпитальда жатып қарсы алдым. 1945 жылдың 9 мамыры кешегідей, әлі көз алдымда. Немістер тізе бүкті дегенде көзімізге жас алып, қуандық. Біз үшін ең ауыр Жеңіс болды", - деген екен Ұлы Отан соғысының ардагері Қаблен Қасенов тірі кезінде. 

Соғыстан кейін бір жылдан соң туған жері Павлодарға оралады. Соғысқа дейін-ақ көңілі түскен Қайныш атты арумен отбасын құрып, жеті бала, 17 немере, 35 шөбере сүйген. Арманы - жүз жасау еді, дейді балалары. 

"Жыл сайын 9 мамыр күні бала-шағасы, немере, шөберелері Қаблен Қасеновтің үйіне жиналып, оны Жеңісімен құттықтайтын еді. Биыл алғаш рет Жеңіс күнінде батыр атамыз ортамызда жоқ...", дейді ұрпағы.

Соғыс жылдарында Кеңес Армиясының қатарына 1 млн. 200 мыңнан аса қазақстандықтар шақырылды, 20-дан астам атқыштар дивизиясы мен басқа да әскери бөлімдер құрылды. Соңғы деректер бойынша Қазақстаннан майданға аттанған жауынгерлердің 600 мыңы соғыстан қайтып оралмады. Жалпы, бұрынғы Кеңес Одағының 27 миллионға жуық адамын жалмаған қанды қырғында елімізден аттанған 500-ден астам жауынгер 1934 жылы бекітілген ең жоғарғы Кеңес Одағының Батыры атанған болатын, оның 100-ден астамы - қазақтар. 

Биыл екінші дүниежүзілік соғыстағы жеңіске 74 жыл толып отыр. 

 

Теги: Победа

Поделиться: