Арыстағы апат: 45 мың халқы бар қала түгел эвакуацияланды

Дата:
Автор: Кенжекей Тоқтамұрат
Арыстағы апат: 45 мың халқы бар қала түгел эвакуацияланды

24 маусым күні таңертең Қазақстанның Түркістан облысына қарасты Арыс қаласында ірі апат болды. Қаладағы №44856 әскери бөлімшенің оқ-дәрі сақтайтын қоймасында өрт шығып, артынан қоймадағы қару-жарақ түгел жарыла бастаған. 

Алғашқы дүрбелең. Халық «соғыс» басталды деп шошыған

Арыс қаласының тұрғындары дүйсенбі, 24 маусым күні әдеттегідей тіршіліктеріне араласқан:  балалар балабақшада, мектеп жасындағы оқушылар аулада, ата-ана жұмыста, қариялар ауыл арасында. Кенет соғыс басталғандай, аспанға қызыл жалын, көк түтін тарай бастайды. Төтенше жағдайлар қызметіне әскери бөлімше жақта жойқын жарылыс болып жатқаны туралы ең алғашқы ақпарат сағат 09.20-да түскен. 


Әскери бөлімнің  қоймасынан шыққан жарылыс өте қуатты болған. Түтіні мен оты көрші ауылдарға дейін көрініп, оқ-дәрілер жан-жаққа шашырай бастайды. Жарылыстардың қуаттылығы сондай, қаладағы үйлердің терезелері сынып, шатырлары құлаған, көшедегі көліктер өртеніп, тіпті, аударылып кеткен. Қалада дүрбелең басталып, халық көрші ауылдар мен жақындағы ең ірі қалалар -  Шымкент және Сарыағашқа қаша бастаған: көлігі барлар көлігімен, көлігі жоқтар жаяу-жалпы. 

Ең қиыны, ата-аналардың көбі балабақшадағы балаларынан көз жазып қалған. Балаларды тәрбиешілер ертіп қаша береді де ата-аналар оларды қаладан іздеп жүріп қалған. Ал, балалары жанында болған ата-ананың көбі қаладан қашқанда жол-жөнекей кездескен көліктерге өздері сыймаса да балаларын отырғызып жіберген. Өйткені, «қаладан аман шығамыз ба, жоқ па, оны білмедік»дейді. 

«Қаланы түгел эвакуациялаймыз»

Шамамен екі сағаттан кейін Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев бастаған жедел штаб қала тұрғындарын түгел эвакуациялау туралы шешім қабылдайды. Өйткені, қоймадағы қару-жарақ қашан жарылып бітетіні белгісіз еді және жарылыс жүріп жатқан кезде өрт сөндіріп, жарылыс ошақтарын ауыздықтау мүмкін емес еді. 

«Жарылыс туралы дабыл сағат 09.20-да түсті. Облыс бойынша төтенше жағдай жарияланды. Арыс қаласындағы қазіргі жағдайдың ауқымын ескере отырып, қаланы түгел эвакуациялау туралы шешім қабылдадық. Облыстағы бүкіл ауданның әкімдері лагерь ашып, Арыстан барған адамдарды орналасыруы керек. Қалаға КАМАЗ-дар, автосбустар кіргізіп, адамдарды алып шығамыз», - деді облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев 24 маусым күні сағат 13.00-де. 

Осылайша, жарылыс салдарынан қаланың 39 мыңға жуық тұрғыны үйлерін өздері тастап кетсе, 2 мыңнан астам адамды төтенше жағдайлар қызметі эвакуациялады.  Арыс халқының басым көпшілігі Шымкент  қаласына көшірілген. 

Жоғалған бала, жылаған ата-ана 

Қала халқының алды-артына қарамай қашуына әлеуметтік желіде тараған жалған ақпарат себеп болған. Өйткені, қоймадан алғашқы жарылыстар естіле сала әлеуметтік желілерде «радиациялы оқ-дәрі атылып жатыр», «өртті сөндіру үшін Бөген су қоймасын ашады, қаланы түгел су басады» деген қауесет тарайды. Сондықтан, бір-бірінен адасқан адамдар көп болды. 

Әлеуметтік желіде ата-анасынан адасқан, бірақ, аман-есен қауіпсіз жерге жеткізілген балалардың аты-жөндері тізімделіп, жан-жаққа тарады. Түркістан облысы әкімдігінің ресми сайтында жоғалған балалардың суреттері және олардың қай жерде екені, жанындағы адамдардың байланыстары жарияланып отырды. Әлеуметтік желіде бірнеше арнайы парақша ашылып, табылған, ата-анасы әлі келмеген балалар туралы ақпарат жаңартылды. 

Түркістан облысының Білім басқармасы хабарлағандай, Арыс қаласы мен ауылдарда 40 мектеп (18399 бала), 50 мектепке дейінгі ұйымдар жұмыс атқарған (5071 бала). Қауіпті аймақта 13 мектеп (11377 бала), 6 мемлекеттік және 23 жекеменшік балабақша (3278 бала) орналасқан. Балалардың барлығы   қауіпсіз жерге көшірілді. Шымкент және Түркістан қалалары, Сарыағаш, Қазығұрт, Ордабасы, Шардара, Отырар аудандарында уақытша қоныстар ашылды. Барлығы 48 эвакуация орталығына жалпы саны 3860 адам, оның ішінде 0-18 жастағы 914 бала жеткізілген. Бүгінгі күнге 1149 бала ата-аналарына берілген. 

Ішкі істер министрінің орынбасары Юрий Ильиннің айтуынша, ата-анасы әлі алып кетпеген балалар қауіпсіз жерде және ата-аналары олардың қайда екенінен хабардар. Оның айтуынша, кеше түнге дейін Шымкентте бір жасқа толмаған барлық балалардың ата-аналары балаларын алып кеткен. 

«Қазір қауіпсіз жерге көшірілген, бірақ, ата-анасы әлі алып кетпеген балалар бар. Бірақ, олардың туған-туыстары, әке-шешелері балаларының қайда екенін біледі. Ең бастысы, жақыны табылмаған бала қалған жоқ, балалардың барлығы ата-анасымен қауышты», - дейді ол. 

Тоқаев Арыстағы жарылыс туралы: Бәрін қалпына келтіріп береміз 

Арыс халқы 24 маусым күні түнге дейін толығымен қауіпті аймақтан шығарылып, арнайы лагерлерге орналастырылған. Түнде Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Түркістан облысына өзі барып, халықпен, ауруханадағы адамдармен кездесті. 

«Қаланы қалпына келтіріп береміз. Бәрі жақсы болады, уайымдамаңыздар. Бұл – төтенше жағдай, катастрофа. Қайтеміз, ел болған соң бұндай болады. Үкімет қаражат береді, үйлеріңізге жөндеу жүргізіп береміз. Көмектесеміз, алаңдамаңыздар. Бәрін көріп, түсініп, келіп отырмын», - деді эвакуация ошағына жеткен Қасым-Жомарт Тоқаев. 

Президент Арыстағы жағдайды жеке бақылауына алып, қару-жарақ қоймасын енді қала сыртына шығаруды және қаланы түгел қару-жарақтан таразтуды тапсырды. 

«Көлігіне снаряд құлады». Арыстағы жарылыстан екі адам қаза тапты

Арыстағы жарылыстансоң,бүгінгі уақытқа дейін 165 адам ауруханаға жеткізілген. Олардың ішінде 76 адам үйіне жіберіліп, 89 адам ауруханаға жатқызылды. 15 адам ауыр халде реанимацияда жатыр. Екі адам қаза тапты. 

Біреуі – Арыстағы әскери бөлімдегі келісімшартпен жұмыс істеп жүрген әскери қызметкер, екіншісі – бейбіт тұрғын. Ішкі істер министрінің орынбасары Юрий Ильиннің айтуынша, қаза тапқан тұрғынның көлігіне снаряд құлаған. Сондықтан да Арыс қаласына кіру әлі де қауіпті. 

Қазір оқ-дәрі жарылып жатқан қоймадағы үш ошақтың екеуінде өрт толық сөндірілген. Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаевтың айтуынша, қазір қала бойынша саперлер жарылмай қалған қаруларды іздеп, залалсыздандырып жатыр. 

«Әскерилер мен өрт сөндірушілер түнімен дамыл тапқан жоқ. Қазір қоймадағы үш ошақтың екеуінде өрт толық сөндіріліп, ауыздықталды. Бір ошақ тұтап жатыр», - дейді министр.  


Қару-жарақ қоймасы елді мекенге неге жақын орналасқан? 

Жалпы, жарылыс болған қойма 1960 жылдан бері бар. Ол – Қарулы күштердің базасы деуге болады. Базадағы күзет қызметін, техникалық жұмысшыларды қосқанда, шамамен 400 адам жұмыс істеген. Базада атылатын, артиллериялық, оқ-дәрі қарулары сақталған. 

Қару-жарақ қоймасы талап бойынша қаладан кемі үш шақырым алыс орналасуы керек еді. Ал, шын мәнінде, Арыстағы қойма тұрғын үйлерден небары 200 метр қашықтықта тұр. 

Қорғаныс министрінің бірінші орынбасары Мұрат Бектановтың айтуынша, министрлік қойманы 10 шақырым алысқа көшіру туралы бірнеше рет мәселе көтерген. Бірақ, ол үшін теміржол бойындағы адамдарды көшіру керек болған, сондықтан, қойма тұрған орнында қала берген. Ал, ішіндегі қару-жарақты басқа жаққа тасу үшін министрлік қаржы жетіспеді дейді. 

Ал, осы оқиғаға қатысты Ішкі істер министрлігінің әскери-тергеу басқармасы қылмыстық іс қозғады. 

«Осы фактіге қатысты ҚР ІІМ Оңтүстік аймақтық әскери-тергеу басқармасының Шымкент бөлімшесі ҚР Қылмыстық кодексінің 462-інші бабы – «Қару-жарақ, сонымен қатар, қоршаған ортаға қауіп келтіретін заттарды пайдалану тәртібінің бұзылуы» бабы бойынша қылмыстық іс қозғады», - деп хабарлады ішкі істер министрлігінің ресми өкілі Нұрділдә Ораз. 

«Арыс. Біз біргеміз»

Арыс қаласындағы апатқа байланысты Қазақстан бойынша «Арыс. Біз біргеміз» атты ауқымды қайырымдылық акциясы басталды. Облыстар, қалалар мен аудандарда гуманитарлық көмек жинайтын пунктер ашылып, әр саланың мамандары өздерінің бір күндік жалақысын арыстықтарға көмек ретінде жіберіп жатыр. Олардың арасында – ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев та өзінің бір күндік жалақысын арыстықтарға көмек ретінде аударды. 

Гуманитарлық көмекті ұйымдастырушылардың бірі – елдегі «Nur Otan» партиясы. Партия төрағасының бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаевтың айтуынша, Арысқа алғашқы көмек кеше түнде аттанған. 

 «Nur Otan» партиясы белсенділік танытып, көмек жұмыстарын жүйелі түрде жүргізуде. Соның нәтижесінде алғашқылардың бірі болып кеше партиямыздың Қарағанды облыстық филиалы азық-түлік, киім-кешек және басқа да керек-жарақтардан тұратын 10 тонна гуманитарлық көмек жіберді. Партияның мұрындық болуымен Қызылорда, Ақтөбе, Павлодар, Қостанай және Солтүстік Қазақстан облыстарынан да автокеруендер жолға шықты.

Сонымен қатар партиямыздың Ақмола облыстық филиалы Щучинск-Бурабай демалыс орындарында арыстық 100 баланың демалысын қамтамасыз етеді. Павлодар облысы да жазғы маусымда 300 баланың демалысына жағдай жасауға дайын. Осыған байланысты балалардың тізімін жасақтау жұмыстары да басталып кетті», - дейді Әшімбаев. 

Жалпы, зардап шеккендерге көмек көрсету үшін Түркістан облысы әкімдігінің жанынан «ТҮркістан» әлеуметтік даму қорының арнайы есепшоты ашылды. Арыс қаласына көмек бергісі келген кез келген азамат осы есепшотқа ақша аудара алады. 

"Түркістан" әлеуметтік даму корпортивтік қорының реквизиттары: 
Түркістан облысы, Түркістан қаласы, Қызылорда тас жолы, 34А ғимараты. 

Пошталық индекс 161200
БИН 100440016000
Түркістандағы "ForteBank" АҚ филиалы
ИИК KZ7196528F0007014540
БИК IRTYKZKA

Поделиться: