Қалыңдық ұрлау: дәстүр ме, қылмыс па?

Дата:
Автор: Кенжекей Тоқтамұрат
Қалыңдық ұрлау: дәстүр ме, қылмыс па?

Орта Азия елдерінің тарихында кездесетін ортақ құбылыс – қыз алып қашу дәстүрі. Қызды өз қалауымен немесе еркінен тыс әйелдікке алу Қазақстан, Қырғыз Республикасы, Моңғолияның қазақтар мекендеген Баян-Өлгей аймағы, Өзбекстан, Кавказ аймақтарынан шыққан және әлі күнге дейін кездесетін оқиға.

ХХ ғасыр бойы қыз алып қашу «дәстүр» деп дәріптелсе, қазір бұл өзекті, заңға қайшы әрекеттерге ұласып отыр.

«Алып қашу» тарихы

Қыз алып қашу оқиғалары бұрын осы елдердің тарихында «салт-дәстүр», үйлі болудың бір амалы ретінде айтылған. Қырғыз, қазақ тарихында қыз алып қашудың бір себебін күйеу жігіттің «қалың мал» (қыздың ата-анасына берілетін ақы - авт.) өтей алмауымен байланыстырады. Басқа елдер сияқты, Кавказда қыздың ата-анасы некеге қарсы болған жағдайда, қыз өз еркімен жігітпен еріп қашқан. Өткен ғасырда бұл қатынастардың бәрі ауызша, ауылдың не аймақтың ақсақалдар алқасымен реттелген.

Зорлықпен тұрмысқа алу – Қазақстан қоғамының бір көрінісі

Қазақстандағы әйелдер құқығын қорғайтын ұйымдардың есебіне сүйенсек, жыл сайын Қазақстанда 5 мыңға жуық қыз алып қашудың құрбаны болады. Бұл, әрине, бейресми мәлімет.

Қыз алып қашу Қазақстанның оңтүстігі мен солтүсігінде де, батысы мен шығысында да, әсіресе, ауылдарында әлі кездесетін өзекті мәселе. Тоқсаныншы жылдардың соңына дейін қыз алып қашуға дәстүр деп қарап келген қоғам соңғы оншақты жылдан бері ғана өз қалауынсыз тұрмыс құрып жатқан қыздардың жан айқайын ести бастады.

Қызды алып қашып, алғашқы неке түнінен кейін оның «пәктігіне» күмәнданғандықтан, ертеңінде оны далаға тастап кеткен жағдайлар да кездеседі. Ондай әрекеттерде қыздардың кейбірі өз өзіне қол жұмсауға да барады.

«Мені небары 17 жасымда алып қашты. Ол адаммен қыз-жігіт ретінде жүріп жүрсек те, маған үйлену туралы ұсыныс айтпастан, алдап шығып, үйіне күшпен алып кетті. Мені осындай жас кезімде алып қашқанын естіп, жүрегі әлсіз әкем қайтыс болып кетті.

Мен ол үйден кетіп қалдым. Қазір ауыл адамдары анама, бауырларыма қолын шошайтып, «қайтып келген қыздың шешесі» деп көрсетеді. Оларға қиын екенін түсінем, бар амал ол ауылдан көшу, бірақ біздің оған қаражатамыз жоқ. Амал жоқ, олар бұл «масқараға» шыдап жүр», - дейді 2017 жылы қыз алып қашудың құрбаны болған Арайлым.

Қазақстандағы заң: қыз алып қашамын дегендер 7 жылға дейін сотталуы керек

Қазақстандық адвокат Әсел Тоқаева 2018 жылы БАҚ арқылы Қазақстан Республикасының Қылмыстық Кодексіне отбасы құру мақсатында қыз алып қашуға тыйым салатын жаңа бап енгізуді ұсынды.

Бірақ, бұндай бап бұрыннан бар: Қылмыстық Кодекстің 125 бабы адам ұрлығына қарсы және ауыр қылмыс түріне жатады. Сондықтан, заңгер Дәулет Жомарттың пікірінше, қызды еркінен тыс алып қашқан адам осы бапта көрсетілген жазаға тартылуы керек.

«Қыз алып қашу, тіпті, өз еркімен болсын, еркінен тыс болсын - адам ұрлығына жатады. келісімге сай, өзі сүйетін жігітімен қашып кеткен қыз әрине полицияға арыз жазбайтыны анық. Бірақ, Қазақстан қоғамының ең бір жаманы - еркінен тыс алып қашудың құрбаны болған қыздар да әлі күнге дейін арыз жазбайды, қорқады. Өйткені, «босаға аттаған, сол жігіттің үйінде қонып қалған қыздың» үйіне оралуы - масқара, ұят. Бірақ, жекелеген жағдайлар да бар. Егер еркінен тыс біреудің босағасын аттаған қыз арыз жазса және ол жігіттің кінәсі дәлелденсе, жеті жылға дейін соттауға болады», - дейді заңгер.

Әрбір қырық минут сайын бір қыз ұрланады

Орталық Азияда қыз алып қашу мәселесі өзектеніп тұрған ел – Қырғыз Республикасы және БҰҰ бұған ерекше мән беріп отыр. Жылына 15 мыңнан астам қыз алып қашудың құрбаны болатындықтан, 2010 жылы Қырғыз мемлекеті БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің тұрақсыз мүшесі бола алмай қалды.

Қырғызстанның құқық қорғаушылары 2013 жылды республика бойынша «Қыз алып қашуға жол бермеу» жылы ретінде жариялауды ұсынған болатын. Қырғыз Республикасындағы қоғамдық ұйымдардың зерттеуіне жүгінсек, бұл елде әрбір қырық минут сайын бір қыз алып қашудың құрбаны болады екен. Және статистика алып қашу жолымен құрылған некелердің 80 пайызында – қыздың қалауы жоқ екенін көрсеткен.

Қыз алып қашу – халықаралық мәселе

Қазір қызды ұрлап, некеге отырғызу бір елдің ғана емес, халықаралық деңгейдегі проблемаға айналды. Әйелдер құқығын қорғайтын сан түрлі халықаралық ұйымдар, тіпті, Біріккен Ұлттар ұйымының өзі қазір қыз алып қашу дәстүрінің заңсыз екенін және бұған қарсы күресте бір ел ғана емес, бүкіл мүдделі тараптар бой көрсетуі керектігін айтады.

«Қырғыз Республикасындағы Біріккен Ұлттар ұйымы бұл заңсыз тәжірибенің жойылуын толықтай қолдайды және Қырғыз Республикасымен қол қойылған келісімге сай, 2022 жылға дейінгі қызметінде осы мәселеге басымдық береді», - деп жария еткен БҰҰ өз мәлімдемесінде.

Поделиться: