Қазақстандағы көпбалалылар проблемасы: ата-ана жауапкершілігі
Автор: Акмарал Чагатаева
«Жел тұрмаса, шөптің басы қимылдамайды» дегендей, Қазақстандағы көпбалалы отбасылардың проблемасына мойын бұрып, үңіле қарауға астаналық ағайынды бес бүлдіршіннің тірідей жанып кетуі дәл біз айтып отырған сол шөпті қимылдатар жел болғаны анық. Аталған оқиғадан кейін ел президенті үкіметті отставкаға жіберіп, қайта жасақтады.
Жаңа үкімет жұмысына кіріскен бір айға жуық уақыттан бері көпбалалылардың басындағы проблеманы шешу бойынша шаралар қабылданып жатыр. Соның ішінде баспана алу мәселесіндегі жеңілдіктер мен оңтайландырылған кезек, жәрдемақы көлемі және тағысын тағылар.
Қазақстанда төрт және одан да көп баласы бар отбасы көпбалалылар санатына кіреді және қазіргі уақытта елде 350 мыңға жуық мұндай отбасы бар. 2019 жылдан бері көпбалалы отбасылар үшін төленетін арнайы мемлекеттік жәрдемақы көлемі 10 504 теңге болып бекітілді. Сонымен қатар, табыс көлемі отбасының әрбір мүшесіне шаққанда күнкөріс минимумының 50% аспайтын болса, мұндай әлеуметтік жағдайы қиын отбасылар үшін табыс көлеміне қарай атаулы әлеуметтік көмек тағы тағайындалады. Бұдан басқа, «Алтын алқа», «Күміс алқа», «Батыр ана» секілді атағы бар аналар үшін айсайынғы мемлекеттік жәрдемақы тағайындалған. 16 160 теңгені құрайтын мұндай қаржылай көмек зейнетке шыққан соң да беріле береді, оның көлемі инфляцияға индекстеледі және күнкөріс минимумының деңгейіне байланыстырылмайды. Мұндай соманы қазіргі уақытта 240 мыңға жуық ана алып отыр.
Сондай-ақ, төртінші баланы босанғаннан кейін берілетін бірреттік жәрдемақы көлемі мен бала бір жасқа толғанға дейінгі айсайынғы төлем көлемі сәйкесінше 159 075 теңге және 22 473 теңгені құрайды. Бұл жұмыс істемейтін барлық санаттағы әйелдерге тағайындалатын тұрақты сома.
Көпбалалылар проблемасы қызу талқылана бастаған шақта қоғамда баланы көп туғандарды сынға алғандар да табылды. Олардың пікірінше, ата-ана өздерінің тұрмыстық жағдайына қарап, бала тууды да бір белгілі есеппен жүзеге асыруы тиіс. Бұл қаншалықты дұрыс?
Егер, барлық біржақты ұстаным мен көзқарасты шетке ысыра тұрып, осы мәселеге жауапкершілік призмасы арқылы қарасақ, көпбалалы отбасындағы әрбір баланың киімі бүтін, қарны тоқ болып өсуі үшін бірінші орында кім жауапты? Мемлекет пе, жоқ әлде ата-ана ма?
Жоғарыда аталған 350 мыңға жуық қазақстандық көпбалалы отбасының барлығы әлеуметтік аз қамтылған және тұрмыстық деңгейі нашар емес екені анық. Алайда, тұрмысы нашарлары да аз да емес. Сөз жоқ, мемлекет тарапынан балалардың болашағы үшін және толық қамтылуы үшін қолайлы жағдай жасалуы керек. Әйткенмен, ата-ана өз баласының ел баласынан кем болмай өсіп, балғын шағын беқам өткізуі үшін жауапкершіліктің төрінде тұрғаны анық.
«Отбасын жоспарлаудың еуропалық үлгісінде қолайлы уақыттағы қалаулы балалар деген қағида бар. Бізде бұл нашар дамыған. Әрине, еуропалықтардың ұстанымымен өмір сүре алмаймыз. Себебі, біздің дәстүріміз басқа. Жағдай басқа. Алайда, отбасын алдын ала жоспарлап, бала тәрбиесіне және оны асырауға дайындалуды үйреткен дұрыс», - деп санайды жыныстық және репродуктивті денсаулық қауымдастығының бас бапкері Мира Сауранбаева.
«Бірінікін бірі киіп өсті», «отбасында бала көп болса, өскені де байқалмай қалады» деген секілді апа-әжелеріміздің сөзі тұрмысты нарық билеген мына заманға қаншалықты үйлесімді қазір? Отбасында бала пайда болған сәттен бастап оның жөргек, дәрумендер мен киімі секілді бірінші кезектегі қажеттілігінің өзі біршама қаражатты талап етеді. Мейлі, бұған жәрдемақыны ары-бері тартқылап жеткізуге болады делік. Ал баланың балабақша және мектепке баруымен бірге тағы қосалқы шығындар ілесіп келеді. Бұл оның мемлекеттік тәрбиелеу мекемесіне айсайынғы төлемнен бастап, таңертеңгіліктер, мектепке даярлық үйірмелері, мектептен кейінгі қосымша оқыту сабақтары және тағы басқалар. Бір қарағанда көзге түспегенімен, отбасының ортақ табысына айтарлықтай салмақ салатын шығындар.
Бірақ, күні кеше бес баласы бірдей жанып кеткен отбасы секілді шағын ғана шаршы метрлік баспананы үй етіп отырған көпбалалылар осы шығынды көтеруге де қауқарсыз. Себебі, бала көп, табыс аз. Мұндай картинаның көзбен көргенде, жазуға қол, айтуға ауыз бармағанымен, «неге туа береді» деген ой ара-тұра әрбір адам санасының сонау бір тұсынан жылт етіп, қайта сөнері анық. Баласының жыртық-жамау киініп, басқаның баласының қолындағы жылт еткенге қызыққаны, бала болып ойнаудан бұрын, ата-анасы жұмысқа кеткен шақта бауырларына қарап қалуға жауапты болып, балысының мерзімінен бұрын есейгені ата-ананы неге мазаламайды? Неге осы ой ата-ананы есеппен тууға ынталандырмайды? Неге туа береді? Алайда, ел болашағы үшін, халықтың демографиялық өсімі үшін және жылдар өткен соң мемлекет алдында халықтың басым бөлігін кәрілік жасындағылар құрамауы үшін бала босанып жатқандарға мұндай сұрақты тікесінен-тік қоюға бірде-бір адамның батылы жетпесі анық...
Қазіргі уақытта үкіметі түгілі ел билігі басқа көшбасшының тізгініне тиген Қазақстандағы көпбалалылар проблемасының шешілуі болашақтың еншісінде екені анық. Тек сол күрмеуі қиын түйінді шешуде біржақталыққа салынбаған жөн секілді.Поделиться: