Алғысты арзандатқан «Алғыс айту» күні

Дата:
Автор: Акмарал Чагатаева
Алғысты арзандатқан «Алғыс айту» күні

«Той десе, қу бас домалайды» дейтін қазақ қашанда қуанышты жиындарды ерекше әспеттеп келген. Сондықтан болар, Қазақстан күнтізбесі мерекелік даталардан кенде емес. Осыдан төрт жыл бұрын ел күнтізбесі «Алғыс айту күні» атты тағы бір мейрамға толыққан болатын.   

Бұл не мейрам? 

2015 жылғы сәуір айында Астанада Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХІІ сессиясында сөз сөйлеген Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев елімізде мекендеп жатқан халықтар бір-біріне деген ризашылығын білдіруі үшін Алғыс айту күнін енгізу қажеттілігін мәлімдеген болатын. Салтанатты жиынға қатысушылардың, яғни түрлі ұлт өкілдерінің үлкен қолдауын тапқан бұл ұсыныс араға жыл салмай-ақ, жаңа 2016 жылдың қаңтарындағы сәйкес жарлықпен бекітіліп, сол жылы алғаш рет аталып өтті. 

Алайда, ә дегеннен халық бұл мейрамның мәнін де, мәнісін де түсіне қойған жоқ. Себебі, елде 1 мамыр – Қазақстан халықтарының бірлігі күні жыл сайын тұрақты түрде тойланып келген. Ендеше, жасы жиырмадан асып кеткен жоғарыда аталған мерекеге балама тағы бір мейрамды енгізудің не қажеттілігі бар деген сауалдың қоғамда туындауы да орынды болатын. 

Алғыс айту? Кімге? 

1 мамыр Қазақстан туының астында бір-біріне қабақ түймей, жұдырық жұмсамай тіршілік етіп жатқан түрлі этностардың бірлігі күні болса, 1 наурызда дәл осы ұлт өкілдері бір-біріне және қазақ халқына алғыс айтып, ризашылық білдіретін күн. Шыны керек, осымен төртінші рет аталап өтетін бұл мерекеде көбіне тек қазақ ұлтына деген «шексіз ризашылық» айтылып келеді. Адамның жүрегінен шығуы тиіс мұндай алғысты қазақстандық үкімет құжат түрінде заңдастырғалы бері, алғыс сөздердің құны төмендеп, сыры көшіп, ресми сипатқа енгені де жасырын емес. Себебі, көктемнің көгеріп шығар айының басында елдегі іс-шаралар мен бұқаралық ақпарат көздеріндегі барлық жаңалық жаттанды сөздер мен ести-ести жауыр болған фактілерді қайталаумен келеді. 

Жоқ-жоқ, бұл басқа ұлттар қазақ халқына риза емес немесе оларда риясыз ризашылық жоқ деген сөз емес. Тек, Елбасы бастамасымен енген Алғыс айту күніндегі «жарғылық» алғыстың қоғамда қабылдануы күрделеніп, құны арзандай түскендей... 

Қонақжайлылығы үшін. Қазақ халқына. 

Егер ресми түсініктемеге сай түсіндіруге тырысар болсақ, онда артық ауыз сөз жазбай-ақ, аталған мерекеге қатысты Қазақстан халқы Ассамблеясы кеңесінің үндеуінен үзіндіні ұсыну жеткілікті. 

«...Бүгін біз, миллиондаған адамдардың өз ұлттық ерекшеліктерін сақтап, бақытын тапқан Отанына айналған киелі қазақ жеріне,  қайырымдылығы мен кеңпейілдігі, даналығы мен қонақжайлығы үшін қазақ халқына алғыс айтамыз.    Қиын-қыстау жағдайда бір-біріне қол ұшын созып, иық тіреп көмек көрсету - Дала халқы үшін жазылмаған заң. Мұндай дүниетанымның негізінде адамға деген  шынайы құрмет қалыптасқан...»

Міне, осылайша, ағаштар бүр жарып, бәйшешек гүл ашатын көктемнің алғашқы күнінде көк тудың астында біріккен барлық ұлт қазақ халқының пейіліне алғыс айтуды әдетке айналдырып келеді. Себебі қазақ елі кезінде Сталин режимінде жер аударылған өзге халықтың ешбірін шетке теппей, құшақ жая қарсы алып, бір түйір нанды бөліп жеген бауырмал ұлт. 

Басқа да бастамалар

Наурыз бен мамыр айларының бірінші күндеріндегі мерекелер қазақстандықтарды «сонда бұл не мейрам?» деген сауалға бас қатырып, кешкі шай үстінде қызу талқыға салуына себепші жалғыз даталы күндер емес. Мысалы, 2012 жылы Президент Назарбаевтың бастамасымен «Аналар күні» бекітілді. Қыркүйек айының әрбір үшінші жексенбісінде аталып өтетін бұл құтты мейрам 8 наурыздың сыңары іспеттес. Соңғысы жалпы нәзік жандылардың құрметіне орай күнтізбеде қызылмен боялған халықаралық мейрам болса, оқу жылының басталуы, білім күні, мектептегі қым-қуыт тіршіліктің көлеңкесінде қалып қойған қыркүйектегі күн тек аналарға арналған. Алайда, аналар күніне бөлінетін көңіл мен назарды көмексілендіре түскен тағы бір факті бар. Ол – араға жыл салып, яғни, 2013 жылғы 1 наурыздағы Президент жарлығына сәйкес Қазақстанда Отбасы күнінің енгізілуі. Екі датаның бір-біріне не кедергісі бар десеңіз, ол аталып өтетін мерзімінде болып тұр. Отбасы күні бір жыл кеш енгізілгеніне қарамастан, Аналар күнінің алдын орап, бір апта бұрын, яғни, қыркүйектің екінші жексенбісінде аталып өтуде. Ия, ия, шатаспау мүмкін емес. 

Сонымен, санаулы күннен кейін төртінші рет тойланатын 1 наурыз – Алғыс айту күні әлі жас, әлі шикі. Жылдар өте келе бұл мереке солтүстік америкалықтар тойлайтын төрт жүз жылдық тарихы бар Ризашылық күніндей нық бекіп, Қазақстандағы ұлттардың салт-дәстүріне етене енуі әбден мүмкін. Аталған қос мейрамның «День благодарности» және «День благодарения» атты орысша атаулары ұқсас болуына байланысты да о баста шатасулар туындап, елдегі «антибатысизмдер» наурыздың бірінші күнінде күркетауықтың сан етін соғып отыруға қарсылық білдірді. Алайда, бұл мәселенің байыбына бармау салдарынан болған жаңылысу еді. Қай істен де игі жақсыны көретін қазақтар Ризашылық күніндей ғұмырлы болсын деп бұл жаңылысуды да жақсылыққа жорыды. Солай болсын. 

 

Поделиться: