Алтынбек Құмырзақұлы: "Өткеніңді білмей, болашағыңа көз тастай алмайсың"

Дата:
Автор: ИАЦ МГУ
Алтынбек Құмырзақұлы: "Өткеніңді білмей, болашағыңа көз тастай алмайсың"
"Ұлы Жеңіс - халықтар ерлігі" атты қазақстандық журналистер мен блогерлердің Беларусь еліне пресс-турының қатысушыларымен шағын сұхбат жүргіздік.

Пресс-турдың үшінші қонағы, журналист, "Qazaqstan tarihy" интернет-жобасының Бас редакторы Алтынбек Құмырзақұлы.

2019-06-17 11.47.35.jpg

ИАЦ МГУ: Ұлы Отан соғысы Кеңес Одағы халықтарының тарихындағы қасіретті тарихтың беті. Майдан даласына қаншама батыр бабаларымызда да белін бекем буып өз ұрпағының келешегі үшін аттанды. Сол даңқты батырларымыздың ерлігі туралы естеліктерді сақтауымыз керек пе? Сіздің әулетіңіз үшін Ұлы Отан соғысы деген не? 


Алтынбек: Дүниені дүр сілкіндірген екінші дүниежүзілік соғыс миллиондаған жауынгердің өмірін опат қылды. Биыл сол сұрапыл соғыстың аяқталғанына 74 жыл болды. Осы күнді бізге сыйлаған ардагер аталарымызды құрметтеу біздің басты парызымыз. Олардың теңдессіз ерліктері ұрпақ санасында әр дайым жаңғырып келеді. Жеңіс күні еш уақытта ұмытылмайтын, ұмыт болмайтын тарих күндерегі. 

1941-45 жылдардағы соғыста қазақстандық жауынгерлер Мәскеу мен Ленинградты қорғауға, Сталинград түбіндегі, Курск иініндегі, Днепрды алудағы шайқастарға, Украинаны, Белоруссияны, Балтық бойын, Молдовияны азат етуге қатысты. Олар Рейхстагқа Жеңіс жалауын желбіретуге үлес қосты. Мыңдаған қазақ жігіттері Кеңес әскерінің құрамында Шығыс Европа халықтарын Гитлердің тепкісінен азат етуіне ат салысты. Олардың қатарында қазақтың қос батыр қыздары пулеметші Мәншүк Маметова мен 54-атқыштар бригадасының Мергені (снайпер) Әлия Молдағұлова болды. Кеңес Одағының батыры, Қазақстан Республикасының тұңғыш қорғаныс министрі Сағадат Нұрмағамбетов, Кеңес одағының батыры, жазушы, екінші дүниежүзілік соғыстың даңқты жауынгері, әскери қолбасшы, стратег және тактик Бауыржан Момышұлы, жеңіс туын желбіреткен Рақымжан Қошқарбаев, ұшқыш, даңқты батырлар талғат Бигелдинов, Нүркен Әбдіров, партизан қозғалысына қатысқан даңқты қазақ жігіттері Қасым Қайсенов, Әди Шәріпов тағы басқа аталарымыздың есімдері бүгінде зор құрметке ие. Біз және жас ұрпақ олардың есімдерімен мәңгі мақтанады. 

Біздің әулет үшінде екінші дүниежүзілік соғыс қасіретті жылдармен есте қалды. 1944 жылы соғыс өрті тұтанып тұрғанда ұлы атам Тайтасұлы Мұхаммед Оспан батыр әскерімен Шың Ши Сай (гоминдан) үкіметіне қарсы соғысқа қатысқан. Кеңес үкіметі мен Моңғол үкіметінің арқасында Шыңжаңның (ҚХР) солтүстік қанаты саналатын қазақтың үш аймағы Гоминдан езгісі мен өк­темдігінен тазартылып, бос­тандық алды. Шығыс Түр­кістан Қазақ республикасы атанған (немесе уақытша өкіметі) уақытша үкіметті таныған Кеңестік жүйе мен Моңғол елі еді. Атам осы соғысқа қатысып гоминдандардың қолына түсіп, елін, отанын сатпай ерлік танытқан. 1969 жылы ғана әжемізге қаралы қағаз келіп, ерлігі мойындалып, марапат ұсынылған.  Әкем және бауырлары өзінің аталарын өмірде көрмесе де, оның ерлік істері мен қайраткерлік өнегесін (аудан хатшысы болған) немере, шөберелеріне жиі айтып отырады. 

ИАЦ МГУ: Сіздің кәсіби көзқарасыңыз бойынша халықтың тарихи жадын бүгінде қандай әдіс-тәсілдермен сақтау керек. Тарихи шыңдықты ұрпаққа жеткізу маңызды ма? 

Алтынбек: Адамзат тарихында бұрын соңды болмаған ірі соғыстың әлі ашылмаған ақтаңдақтары жетерлік. Солардың зерттеп, тарихи тұрғыдан өз бағасын беретін уақыт жетті деп ойлаймын.  Мәселен,осынау бір қасіретті жылдардың алғашқы жылында совет әскерлерінің біразы тұтқын ретінде ұсталып, Германия жеріндегі абақтыларға қамалды. «Ажал ордаларына» айдалған қаншама сарбаздың өмірі қасіретке айналды. Оларды неміс жауынгерлері де қинады, совет халқы да бұларды «сатқын жауынгерлер» ретінде қызыл террорға теңеді. Солар туралы ақтап алу мақсатындағы зерттеулерді неге жасамасқа. Оған тек қана бір ғана ел емес, Совет құрамында болған елдердің араласуы маңызды. Олардың ұрпақтарына компенсация төлеу, екінші дүниежүзілік соғыс ардагері деп тану белгілерін ұсыну қажет. 

Екіншіден, халықтың тарихи жадын ұмытпау үшін, рухани жаңғыру қажет. Ол үшін де тарихтың ақтаңдақтарын ұрпаққа шынайы жеткізетін бағыттарды іздестіру керек. Өткеніңді білмей, болашағыңа көз тастай алмайсың. Елің үшін қан кешкен батыр бабалардың ерліктерін әркез насихаттай беру қажет. Сол еліңнің тілі, ділі, діні, әдебиеті, мәдениеті, руханияты жайлы зерттеулерді көптеп жазып, кітап етіп шығару маңыздырақ. Тіпті қазіргідей ғаламтор дамыған, ұялы смартфондарға телмірген заманда сол тарихты, жаңа медиа мүмкіндіктеріне бейімдеу керек. 

ИАЦ МГУ: Белорусь еліне жоспарланған пресс-тур бағдарламасында белгіленген қай іс-шара сізді көбірек қызықтырды.

Алтынбек: Екінші дүниежүзілік соғыс ошағының бірі болған - Беларусь елі. Сондықтан бұл қасіретті соғыс жылнамасында қазақ батырлары да ерлік көрсетті. Сол бабаларымыздың ерлік көрсеткен жерін көзбен көру ерекше әсерге бөлейді. Бір елдің тарихи орындарын аралау, сол елдің мәдениетін танып білу сол елге деген құрметтің бірі. Баспасөз-туры аясында соғыс өртінің ошағы болған Брест қамалын (Брест қаласы), екінші дүниежүзілік соғыстың тарихи музейі (Минск қаласы) мен «Хатынь» мемориалды кешенін көру менің баяғыдан көрсем, білсем деген армандарымның бірі. Минскіге барып қайтқан таныстарым тарихи музейді қызықты етіп, айтқан сайын, баруға құмарта түсетінмін. Осы сапарда бұл музейді көру бағыты бұйырыпты. Беларусь елінде тұратын қазақ диаспорасының өкілдерімен кездесуде бағдарламада тіркелген. Қиырдағы қазақ ағайындармен сұхбаттасу, әңгімелесуде бір тағылымды шара. 

Поделиться: