Ботай қонысы ашық аспан астындағы музейге айналады

Дата:
Автор: Қымбат Елтай
Көктем келіп, күн жылынып, ерекше бір жерді тамашалағыңыз келсе, Қазақстанның солтүстігіндегі Ботай қонысына барыңыз. Дегенмен ол жаққа қазір емес, жазда барған дұрыс
Ботай қонысы ашық аспан астындағы музейге айналады

Көктем келіп, күн жылынып, ерекше бір жерді тамашалағыңыз келсе, Қазақстанның солтүстігіндегі Ботай қонысына барыңыз. Дегенмен ол жаққа қазір емес, жазда барған дұрыс. Жазда Ботайдағы 40 жылдан бері жүргізіліп келе жатқан қазба жұмыстарын, көне үйлердің орындарын, сол жерден табылған сүйектер мен заттарды анық көруге болады.

Сонымен, Ботай қонысына аттанбас бұрын, «Ботай» сөзі қайдан шыққанын анықтап көрейік. Осыған байланысты тарихшылардың бірнеше аңызы, болжамы бар. Сондай болжамның бірі – ертеде қонысқа жақын жерде Ботай ауылы орналасты. Екінші болжам – ол жақта табын-табын жылқысы бар Ботай деген хан тұрды.

Атауы қайдан шыққаны нақты белгісіз болса да, оның тарихына тереңірек үңіліп көрейік. Деректерге сүйенсек, қазіргі Ботай қонысының орнында 5 жарым мың жыл бұрын ауыл болған. Ол энеолит кезеңіне жатады. Бұл жерде көне үйлердің іздері, белгілері бар. Қоныстағы көне үй орындарынан, қабырғаларынан, жалпы, барлық жерінен жылқының сүйектері табылған. Осыншама сүйек біздің дәуірімізге дейінгі 4-3 мыңжылдықта жылқы қолға үйретілді деп болжауға мүмкіндік берді. Жақ сүйектері де табылды, олардан жылқының басына ауыздық кигізілгені анықталды. Бұған қоса, жылқы сүтінің майы бар қыш ыдыстар табылды. Археологтер осыдан сол кезде биенің сауылғанын дәлелдеді.

Бұл ескерткішті 1980 жылы экспедиция кезінде Солтүстік Қазақстан археологиялық тобы ашты, қоныс содан бері зерттеліп келе жатыр. Кезінде Ботай мәдениетін зерттеген Норвегия, Италия ғалымдары, Виктор Зайберт бастаған қазақстандық экспедиция жылқы қазақ даласында қолға үйретілді деген тұжырымға келді. 

«Алдағы уақытта Ботай қонысы ашық аспан астындағы музей етіп жасалады. Ол жерде туристерге арналған сапар орталықтары ашылып, көне жәдігерлер көрсетіліп, кәдесыйлар сатылады. Бұған қоса жылқыға мініп, қымыз ішу мүмкіндігі де қарастырылады. Бүгінгі таңда бастапқы жұмыстар жасалып жатыр. Қазірдің өзінде Ботай қонысына туристер көп келеді. Бүгінгі күні шетелдіктер, АҚШ, Еуропа, Орталық Азия, Таяу Шығыс елдері барлығы Ботай мәдениетін жақсы біледі», - деді «Қасиетті Қазақстан» Ғылыми-зерттеу орталығы басшысының орынбасары Батырхан Жұмабаев.

Ботай қонысы Солтүстік Қазақстан облысы Айыртау ауданында орналасқан. Сондықтан туристерге ол жерге жету аса қиын емес. Айыртау ауданына жетсе болды, әрі қарай табу оңай. Қазір Астана-Саумалкөл (Айыртау ауданы) арасында электрмен жүретін тікелей пойыздар қатынайды. Сол маңда Шалқар деген көл де бар. Ол жерде жақсылап демалуға болады.

Елімізде Ботай қонысынан өзге тарихи-мәдени, киелі орындар өте көп. Мысалы, Қожа-Ахмет Ясауи кесенесі, Бурабайдағы Абылай хан алаңы, Семейдегі Қоңыр әулие үңгірі, Алматы облысындағы Шарын шатқалы, Қостанай облысындағы Торғай геоглифтері, Шымкенттегі Ақмешіт үңгірі, Берел, Есік қорғандары, Орталық Қазақстандағы Беғазы археологиялық кешені, Астанадағы Қазақ елі монументі және тағы басқа. Қазақстанның кез келген өңірі бұндай тарихи нысандарға бай, және де бұның бәрі «Қасиетті Қазақстан» жобасына енгізілген.

«Қасиетті Қазақстан» - президент Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы аясында құрылған жеке арнайы жоба. 2017 жылы жұмысын бастаған бағдарлама еліміздің тарихи-мәдени, киелі орындарын түгендеп, зерттеп-зерделеуге, дәріптеп, қайта жаңғыртуға әрі дамытуға бағытталған. Зерттеу нәтижелері қазір қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде кітап боп шығып жатыр. Бүгінгі күнге дейін бірнеше кітап жарық көрді. Біз дайындаған онлайн картамыз да бар. Ол map.kz деп аталады. Бұл қасиетті орындарды дәріптеуге, ішкі туризмді дамытуға арналған үш тілді Қазақстан картасы. Қазір оған толықтырулар енгізіп жатырмыз. Картаның мобильдік қосымшасы да бар. «Қасиетті Қазақстан» жобасына жыл сайын жаңа нысандар қосылып жатыр. Қазақстанның киелі орындары мен кешендері ретінде ерекше бағаланатын табиғи, мәдени мұра, діни сәулет ескерткіштері, кесенелер, халық арасында өшпес із қалдырған тарихи тұлғалар мен саяси оқиғалармен байланысты орындар, археологиялық ескерткіштер, көне қалалар, ғибадат орындарын кіргізудеміз», - деді «Қасиетті Қазақстан» Ғылыми-зерттеу орталығы басшысының орынбасары Батырхан Жұмабаев.

Теги: Казахстан

Поделиться: